Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Елбасы ашқан нысандар

Еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде республикамыздың түкпір-түкпірінде, оның ішінде Ақтөбеде Елбасының қатысуымен бірқатар кәсіпорындар ашылып, зәулім ғимараттар бой тіктеді. Сондай-ақ қаламыздағы білім беру ордасы мен орталық саябаққа ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Мереке қарсаңында біз Ақтөбенің ажарын айшықтап, ел игілігіне қызмет етіп тұрған нысандар туралы жазған едік. Сонымен…

Назарбаев зияткерлік мектебі

Елімізде «Тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектебі» жобасы 2008 жылы қолға алынған болатын. Осы жоба аясында 2013 жылы Ақтөбеде физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Бұл — Елбасының бастамасымен ашылған республикамыздағы оныншы зияткерлік мектеп.

Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі 720 адамға арналған, мұнда 120 жатын орындық ғимараты және бар. Жаңа мектеп қаламыздағы Батыс-2 шағын ауданында орналасқан. Мектеп ғимаратында 60-қа жуық кабинет, зертханалар мен педагогикалық және ақпараттық технологияларды интеграциялау орталығы, жеке сабақ беру және психологиялық бейімдеу кабинеттері, 360 орындық асхана, екі спорт және акт залы, қысқы бақ бар. Мектеп жаңа құрылғылармен, био және нанотехнологиялық зертханалармен, соңғы үлгідегі компьютерлер, ноутбуктермен, интерактивті тақталармен қамтылған. Мектеп аумағында 5400 шаршы метрлік футбол алаңы, теннис және хоккей корты, волейбол және баскетбол алаңы бар заманауи спорт кешені орналасқан.

Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арнайы келген сапарында Ақтөбедегі орталық демалыс және мәдениет саябағында орналасқан «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарының тұсауын кескен болатын. Сол шарада Елбасы:

— Қазақстанның жері ықылым заманнан бері қарай шығыс пен батыстың ортасында, үлкен жолдың торабында — Ұлы Жібек жолында орналасқан.  Бағзы заманнан күні бүгінге дейін біздің жеріміз сауда мен мәдени айырбастар арқылы Азия мен Еуропа арасын өзіндік бір байланыстырушы буын қызметін атқарып келеді. Ғасырлар бойы Ұлы дала төсі көптеген халықтардың бейбіт мекені болды. Ол бүгін де ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйі болып отыр. Бұл — бірлігіміздің жемісі. Ендеше алдағы уақытта ауызбіршілігіміз артып, ынтымағымыз жараса берсін! — деп тілегін жеткізген.

Кешеннің ашылу салтанатында ақтөбеліктер «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарына «Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың саябағы» атын беру туралы ұсынысын айтқан болатын. Кейін қала тұрғындарының бұл ұсынысы қолдауға ие болып, бүгінде бұл кешен «Тұңғыш Президент атындағы саябақ» деп аталады.

Қазіргі таңда саябақта қала тұрғындарының демалып, тынығуына барлық жағдай жасалған. Ал саябақ сахнасында түрлі мәдени шаралар өткізіледі.

«Нұр Ғасыр» мешіті

Ақтөбедегі облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті — Елбасының қатысуымен ашылған нысандардың бірі. Мешіт екі жарым жыл ішінде салынып, 2008 жылы 22 қыркүйекте қасиетті рамазан айында пайдалануға берілген.

Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының бұрынғы Президенті Дмитрий Медведев қатысты. Елбасы мешіттің ашылу рәсімінде халықпен кездесіп, өзінің жылы лебізін білдірген болатын.

Құрылыстың жалпы алаңы — 5,5 мың шаршы метр. Бүкіл аумағы — 400 мың шаршы метр. Мешіттің күмбезі — 40 метр, мұнараларының биіктігі — 63 метр. Күмбез алтынмен қапталған. Мешіттің іші-сырты, ұстындары, едендері, баспалдақтары түрлі түсті мәрмәрмен, сұрғылт гранитпен қапталған. Мешіт алдында субұрқақ және гүлзарлы алаң, түнде айналаны сәулелендіретін прожекторлар мен шамшырақтар қойылған.

Мешітте жұма және айт намаздары кезінде 4 мыңға жуық адам емін-еркін құлшылық жасай алса, жазда 10 мың адамның сәждеге жығылуына мүмкіндігі бар. Бүгінде бұл мешіт — Ақтөбедегі көз тартар зәулім құрылыстардың бірі.

Ақтөбе халықаралық әуежайы

Ақтөбе халықаралық әуежайы 2008 жылы екі жыл бойы қайта салынып, күрделі жөндеуден өтіп, халықаралық әуежайлардың қатарына қосылды. Жаңа кешеннің алғашқы жолаушысы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Әуежай 2008 жылы Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының V форумы өткен күндермен сәйкес пайдалануға берілді.

Әуежайды қайта салуға шамамен 7 млрд теңге қаржы жұмсалған. Қайта жаңғырту жұмыстары кезінде ұшу-қону алаңының ұзындығы 3100 метрден 3200 метрге ұзартылып, әуежай төсеніштерінің көтеру қабілеттілігі күшейтілді. Ал биыл мамыр айында Ақтөбе халықаралық әуежайына Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Әуежайдың маңдайшасына Әлия Молдағұлова деп жазылып, ғимарат ішіне батыр қыздың бюсті қойылды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда әуежайда 500-ден астам адам қызмет етеді. Күніне бұл жерден Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Атырау, Түркістан, Шымкент қалаларына бірнеше мәрте ұшақ ұшады. Сондай-ақ биыл халықаралық бағытта Египетке, БАӘ-ға, Түркияға, Мәскеуге, т.б. қалаларға рейстер ашылды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты

Облыс орталығындағы қазіргі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты, бұрынғы Достық үйі 2008 жылы құрылып, 2009 жылдың 10 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды.

Ғимараттың ашылу рәсімінде Елбасы: «Біздің Қазақстан — көпұлтты ел. Әр ұлтқа өз мәдениетін, тарихын ұмытпауға, жаңғыртуға мүмкіндік берілген. Балаларға да өз ана тілін үйренуге жағдай бар. Оған дәлел — осы Достық үйі.

Мен үшін ең керемет концерт — Ассамблеяның концерті. Әр ұлттың өз мәдениетін көрсеткен сәті де өте әдемі. Сан ұлт өз тілінде ән шырқап, өз билерін билеген шақ бір әдемі гүл шоғыры іспеттес. Өмірдің гүл шоғыры! Мен сондай сәтте ерекше бір күйге бөленемін», — деді.

Достық үйінің атауы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты «Қазақстан халқы Ассамблеясы» болып өзгертілді. Бүгінде мұнда 18 ұлттық-мәдени бірлестік жұмыс жасайды.

Көктау мыс комбинаты

ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы Хромтау ауданындағы Көктау ауылындағы мыс кенін байыту комбинатының ашылуына арнайы келіп қатысты. Салтанатты жағдайда комбинаттың бірінші кезегі іске қосылды. Жаңа комбинат 1,5 жылда салынып бітті. Комбинаттың бірінші кезегінде 900 адам, екінші кезегінде 1700 адам жұмыс істейді. Комбинаттың жанында қиыршық тас зауыты бар.

Сол жылы Елбасы Көктауға келген сапарында ауыл тұрғындарының өтініші бойынша басына киген каскасына қолтаңбасын қойып, ескерткішке беріп кеткен. Бұл құнды экспонат аудандық мұражайда сақтаулы тұр.

 

Полиэтиленді құбырлар шығаратын зауыт

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы наурыз айында келген сапарында Ақтөбедегі «Актюбстройхиммонтаж» ЖШС полиэтиленді құбырлар шығаратын зауытта болып, жаңа өндірістің тұсауын кесті.

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жұмыс істейтін бұл кәсіпорын тұтынушыларға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және мұнай-газ салаларында қолданылатын диаметрі 20-дан 630 миллиметрге дейінгі жоғары және орта қысымдық құбырларды ұсынады. Зауыттың қуаттылығы — жылына 20 мың тонна өнім.

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың нәтижелері қорытындыланған жалпыұлттық телекөпір арқылы Ақтөбедегі рельс-арқалық зауытының жылыту пешін іске қосты. Елбасы жаңа өндірісті ықыласпен қабылдап:

— Бұл — Қазақстандағы тұңғыш рельс шығаратын зауыт. Өте қажет. Қанша шақырым теміржол салып жатқанымызды өздеріңіз көріп отырсыздар. Сондықтан бұл — үлкен қуаныш, құттықтаймын! Кәсіпорынды ашуға рұқсат етемін, — деді.

Ақтөбедегі рельс-арқалық зауыты пайдалану ресурсы жоғары жылдамдықтағы жүк және жолаушылардың жүрдек пойыздары үшін рельстер, арқалықтар, бұрыштамалар мен швеллер шығарады. Ақтөбенің рельс-арқалық зауытының өнімі ішкі нарықты қамтамасыз етумен бірге Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Грузия, Түрікменстан, Ресей Федерациясы мен Эстония, Иранға экспортталады.

«Қазхром» ТҰК» АҚ ферроқорытпа зауыты

2014 жылы облысқа жасаған жұмыс сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ның жаңа ферроқорытпа зауытының бірінші балқыту пешін салтанатты жағдайда іске қосты. ҚР тұңғыш Президенті кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесті, олар мемлекет тарапынан металлургтерге тұрақты түрде назар аударылып, қолдау көрсетілетіні үшін алғыс айтты.

«Қазхром» ТҰК» АҚ ферроқорытпа зауытының жобалық қуаты —  жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром өндіру. Жылына 226,5 мың тонна өнім өндіреді. Зауыт құрылысының құны — 843 млн доллар.

Р.S. Елбасы ашқан нысандар қатарында «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС-ның газ өңдеу зауыты, Алғадағы «АкТеп» ЖШС ет өңдеу комбинаты,  Байғанин ауданындағы «Gas Processing Company» ЖШС-ның газ өңдеу кешені де бар. Бүгінде бұл кәсіпорындар үздіксіз жұмыс жасап тұр.

Айта кету керек,  Елбасы елорданың 20 жылдығында ақтөбеліктердің жасаған тартуы — «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу салтанатына да арнайы қатысқан. Сол шарада тұңғыш Президент Ақтөбе облысына ерекше ризашылығын білдірді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button